Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында депутат Снежанна Имашева шығармашылық бостандық пен сөз бостандығына қатысты Конституцияға түзетулер енгізу туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды paryz.kz.
"Шығармашылық бостандық туралы бапқа түзетулер. Ол арқылы зияткерлік меншікті қорғау бекітіледі және мемлекеттік құпия саналатын ақпаратты қоспағанда, ақпараттың кез келген заңды тәсілмен таратылуы мүмкін екенін нақтылайды.
Сонымен бірге қосымша конституциялық шектеулер енгізілуде: сөз бостандығы басқалардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, қоғамның рухани және адамгершілік құндылықтары жүйесіне немесе қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуі керек.
Зорлық-зомбылықты, соғысты және алауыздықты насихаттауға және қоздыруға тыйым салу тізімі де кеңейтілуде", - деді депутат.