Синоптиктер алдағы күндері яғни 20-22 қаңтар аралығында Қазақстанда күн райы қандай болатынын болжады, деп хабарлайды "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасаған paryz.kz.
Метеорологтардың мәліметінше, алдағы үш тәулікте атмосфералық фронттық бөліктердің әсерінен Қазақстанның басым бөлігінде қар жауып, жаяу бұрқасын соғып, жел күшейеді.
Елдің оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі, 22 қаңтарда таулы аймақтарда қалың қар жауады. Республика бойынша тұман түсіп, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста көктайғақ болады.
22 қаңтарда Жаңа Жер аудандарынан ығысқан суық антициклон республиканың солтүстік жартысына әсер етіп, бұл өңірлерде ауа температурасы түнде -25...-38 градусқа дейін, күндіз -20...-30 градусқа дейін төмендейді.
Ал Қазақстанның батысында, оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды: күндіз оңтүстік өңірлерде ауа температурасы -5 градустан +3 градусқа дейін көтеріледі, таулы аудандарда -8...-13 градус, батыс өңірлерде -5...-13 градус шамасында болады.