Павлодар облысының тумасы, Тереңкөл ауданына қарасты Песчан балалар үйінің түлегі Алексей Лодочников Нью-Йорктің ең танымал сәулет нысандарының бірі — Oculus көлік хабында Абай Құнанбайұлының әйгілі «Көзімнің қарасы» әнін фортепианода орындады.
Қазақстандық классика элементтерімен өрілген музыкалық импровизация кешеннің орталық атриумында өтті. Бұл кеңістікте әлемнің түкпір-түкпірінен келген авторлардың шығармалары жиі орындалады. Ұлы қазақ ақыны әрі композиторы Абайдың шығармашылығын таныстыруды мақсат еткен Алексей ұлттық мәдениеттің лирикасы мен тереңдігін айшықтайтын әуенді көпшілікке ұсынды.
Белгілі испан сәулетшісі Сантьяго Калатрава жобалаған, бұрынғы PATH станциясының орнында салынған Oculus бүгінде Нью-Йорктің басты сәулет көрнекіліктерінің бірі әрі ірі көлік торабы саналады. Ақ түсті ғимараттың ерекше акустикасы туындының эмоциялық әсерін одан әрі күшейтті.
Орталыққа келген келушілер орындауды тыңдау үшін аялдап, импровизация соңында шапалақ соқты. Тыңдармандар әуеннің әсерлілігі мен қазақ музыкасының өзіндік болмысын ерекше атап өтті.
Алексей Лодочниковтың бұл бастамасы Қазақстан мәдениетінің әлемдік сахналарда әуелеп, Абай мұрасы мен ұлттық музыканың жаһандық деңгейде танылуына үлес қосып келе жатқанын көрсететін жарқын мысалдардың бірі болды.