Елімізде биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы жұмыстар күшейтіліп жатыр, деп хабарлайды paryz.kz.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жыл қорытындысына арналған баспасөз брифингі барысында мәлімдеді.
Айтуынша, биыл тиісті Тұжырымдаманы бекіту жоспарлануда. Жалпы алғанда елімізде сирек кездесетін жануарлар түрлері: арқар, жейран, құлан және тоғай бұғысының саны артып келеді. Тұран жолбарысы мен Кертағы, яғни Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру бойынша ауқымды жобалар жүргізілуде, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр Прага зообағымен бірлесіп, 2024-2025 жылдары 14 Кертағы жылқысы елімізге жеткізілгенін алға тартты. 2026 жылдың маусым айында тағы да 7–8 жылқыны әкелу жоспарланып отыр.
Ресей Федерациясымен уағдаластық бойынша Жолбарысты қайта жерсіндіру бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2026 жылы 3–4 жолбарыс әкелу күтілуде, - деді Ерлан Нысанбаев.