Прямой эфир

Астана

Астана

25.77°C

Новости Казахстана бүгін, 09.12.2025 11:33 Обновлять, 09.12.2025 12:12

Аурухана қаржысына пәтер алған: Түркістанда бас дәрігер тергеуге алынды

ҚМА Түркістан облысы бойынша департаменті медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Аурухана қаржысына пәтер алған: Түркістанда бас дәрігер тергеуге алынды
Фото: istockphoto.com

Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері медициналық газбен жабдықтау жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алу кезінде заңсыз схема ұйымдастырғаны анықталды. Тергеу мәліметтері бойынша, ол сатып алуды жасанды түрде бірнеше бөлікке бөліп, кейін көптеген келісімшарттар жасау арқылы мемлекеттік қаражатты жымқыруға жағдай жасаған.

Схеманы іске асыру үшін күдікті медициналық жабдықтарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын тартқан. Ол өзіне бағынысты, туыстары мен таныстарының атына тіркелген коммерциялық ұйымдарды пайдаланған. Осы фирмалар атынан бағасы негізсіз көтерілген коммерциялық ұсыныстар әзірленген.

Тергеу деректеріне сәйкес, жабдықты іс жүзінде басқа компания жеткізгенімен, барлық қабылдау актілері мен келісімшарттар күдіктілер бақылауындағы фирмалар арқылы рәсімделген. Аурухана қаражаты аталған компаниялардың есепшоттарына түскеннен кейін күдіктілер қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөліскен.

— Мемлекетке келтірілген шығын 115 млн теңгені құрады. Қылмыстық жолмен алынған табысты жасыру мақсатында бұрынғы бас дәрігер елордадан екі бөлмелі пәтер сатып алған. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Қазіргі таңда бұрынғы бас дәрігерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылса, оның сыбайласы үй қамаққа алынған. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, — делінген хабарламада.