Прямой эфир
Астана
25.77°C
Астананың «Байқоңыр» ауданында алғаш рет газдандыру жобасы аясында табиғи газдың салтанатты түрде іске қосылу іс-шарасы өтті. Көгілдір отын бірінші болып аудан аумағындағы «Кирпичный» тұрғын алабына тартылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Іс-шараға «Байқоңыр» ауданының әкімі Рахманберді Талғат Абайұлы, «QazagGaz Aimaq» АҚ Бас директоры Асқаров Бауыржан мен әкімдіктің басқарма өкілдері қатысты.

«Астананың Байқоңыр ауданына қарасты «Кирпичный» тұрғын алабын газбен қамту жұмыстары аяқталып, 255 үйге тұрмыстық газ беруге мүмкіндік туды.Қажетті қысымды қамтамасыз ету үшін аумақта екі бірдей шкафты газ реттеу қосыны орнатылды. Жоба аясында ЖЭС-1 бекетінен жаңа газ құбыры тартылған. Қала әкімдігі, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы және оның еншілес кәсіпорны «QazaqGaz Aimaq» АҚ бірлесіп жүзеге асырған инфрақұрылымдық жоба елорданың экологиясын жақсартуға, шеткері аймақтардағы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға және кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға жол ашты. Бұл әсіресе қазіргі жылу беру маусымында аса маңызды», - дейді «QazaqGaz Aimaq» ұлттық компаниясының өкілдері.

«Кирпичный» алабын газдандыру үшін тартылған құбырлардың жалпы ұзындығы 18 шақырымнан асып, өткізу қабілеті сағатына 5 мың текше метрден жоғары. Орнатылған жаңа қысым реттегіштері мен тарату жүйелері тұрғындарды тұрақты газбен қамтып қана қоймай, аумақтың болашақта кеңеюіне қажет қосымша қуат қорын да құрайды.

Қауіпсіздік мақсатында апаттық-диспетчерлік қызмет тәулік бойы кезекшілікте болады және кез келген оқыс жағдайға жедел әрекет етеді.

Айта кетейік, Астананы газдандыру жұмыстары 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде «Сарыарқа» магистралды газ құбыры тартылып, елдегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі жүзеге асты. Бүгінде жеке үйлермен қатар ЖЭС-1, ЖЭС-2, ЖЭС-3, «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» жылу станциялары да газбен жұмыс істейді. Бұған дейін «Family Village» және ұлттық мереке — Республика күні қарсаңында «Тельман» тұрғын алабы табиғи газға қосылған болатын.
