Прямой эфир
Астана
25.77°C
Қаржы мониторингі агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті тұтыну кооперативі түрінде жасырылған «ELL QUATY» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Ұйымдастырушылар азаматтарды «HALYK QUATY» кооперативіне мүше болуға шақырып, тұрғын үй мен автокөлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы алуға болады деп сендірген. Осы мақсатта олардан пайлық жарналар талап етілген.
- halykquaty.kz сайты және әлеуметтік желілер арқылы өз қызметін жарнамалап, «Әр отбасыға бақыт!» деген ұранды қолдану арқылы «халықтық кооператив» деген жалған бейне қалыптастырған. «HALYK» тауарлық белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаннан кейін кооператив атауы «ELL QUATY» болып өзгертілген, - деп жазды ведомстводан.
Жаңа салымшыларды тарту үшін түрлі маркетингтік акциялар ұйымдастырылған, оның ішінде «Солнечная Турция» туристік жолдамаларын ұтысқа қойғаны анықталды. Тергеу барысында ұйымдастырушы қылмыстық жолмен түскен табысты заңдастыру мақсатында өз атына «QAZ INFO MARKET» ЖШС тіркеп, салымшылар қаражатын «кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтерге төлем» ретінде шығарып отырғаны белгілі болды.
Алайда мұндай қызметтер көрсетілмеген. Пирамидаға 1,5 мыңнан аса салымшы тартылып, олардың жалпы шығыны 6,8 млрд теңгеге жеткен. Ұйымдастырушы қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.