Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Маңғыстауда 150-ден астам ерекше бала өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік алды

Ақтау қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған бірегей медициналық жобаның қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы. 

Маңғыстауда 150-ден астам ерекше бала өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік алды
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қайырымдылық жобасының нәтижесінде 150-ден астам балаға 153 инновациялық операция жасалып, жаңа өмірге қадам басты.

Жоба BI Group құрылыс компаниясы мен Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен «BI-Жұлдызай» корпоративтік қорының бастамасымен жүзеге асырылды. 

Барлық оталар Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында «Мүмкіндік» бағдарламасы аясында өткізілді. Шетелдік жетекші дәрігерлер ерекше балалардың моторлық функцияларын қалпына келтіру және өмір сүру сапасын арттыру мақсатында күрделі ота түрлерін тегін түрде жүргізді. 

Хирургиялық емдеу әлемнің жетекші клиникаларында қолданылатын, өңірде баламасы жоқ озық әдістермен шетелдік мамандар жүргізді. Отадан кейін балалар оңалту және физиотерапия курстарын денсаулық сақтау саласына жауапты басқарманың қолдауымен жалғастыруда. Айта кетейік, хирургиялық емдеуден бөлек, 365 бала профессорлардан кеңес алды, ал 110 қазақстандық маман қормен бірлесіп ұйымдастырылған 11 мастер-класта оқудан өтті.

Жиын барысында 11 отадан өткен 9 жасар Амелия есімді бүлдіршіннің «Тұсау кесер» рәсімі өтті. Бұл – медициналық көмектің нақты нәтижесін көрсететін әрі көпшіліктің көңіліне үміт ұялатқан ерекше әрі әсерлі сәт болды.

20 жылдан астам уақыт бойы «BI–Жұлдызай» қоры инклюзия, медицина, спорт және шығармашылық салаларында ерекше балалардың әлеуетін ашуға, қоғамға бейімделуіне ықпал етіп келеді. «Мүмкіндік» бағдарламасы — қордың ең ірі медициналық бастамасы. Жыл сайын балалар осы жобаның арқасында толыққанды өмірге қадам басуда.