Ресей Федерациясынан жүк көліктерін заңсыз тіркеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың сыбайласы экстрадицияланды, деп хабарлайды paryz.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
 
                        Бас прокуратура шетелден әкелінген жүк көліктерін Жетісу облысында заңсыз рәсімдеумен айналысты деген күдікке ілінген топ мүшесін Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
"Күдікті "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының маманы бола тұра, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында 2022-2023 жылдар аралығында автокөлік иелерін іздеп тауып, алғашқы тіркеу алымдары бойынша төлемдер туралы көрінеу жалған мәліметтерді ақпараттық жүйесіне енгізу арқылы олардың көлік құралдарын заңсыз тіркеген", - делінген ресми ақпаратта.
Соның нәтижесінде 481 көлік құралы заңсыз есепке қойылып, бюджетке міндетті төлемдер түспегендіктен 3,7 млрд теңге аса ірі мөлшердегі мемлекетке залал келтірілген.
Содан кейін күдіктіге халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурызда ол Мәскеу облысында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша отанына экстрадицияланды. Қазіргі таңда күдікті тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық заңнамаға сәйкес оған тағылған айып бойынша мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
 
                                                     
                                                     
                                                     
                                                     
                                                     
                                                     
                                                     
                                                    