ХХІ ғасырда дін тек құлшылық пен этика саласы ғана емес, медиалогикаға бейімделген кеңістікке көшті. Жаһандық зерттеулер экстремистік ұйымдардың интернетті тек хабар тарату емес, идеологияны жылдам жеткізу, рекрутинг және радикалдандырудың аса тиімді құралы ретінде қолданатынын көрсетеді, деп хабарлайды paryz.kz
Бұл құбылыс дін (сенім, құндылық, еркін таңдау) мен фанатизм (абсолюттенген, зорлықты ақтайтын саясиланған түсіндірме) арасындағы шекараны қайта қарастыруды талап етеді.
RAND зерттеу орталығының Radicalisation in the Digital Era еңбегінде радикал қозғалыстардың интернетті үш негізгі функцияда қолданатыны айтылған:
communicate – collaborate – convince – яғни, сөйлесу, ынтымақ орнату және сендіру. Радикалдану процесі кезең-кезеңімен жүреді: адам алдымен жаңа идеямен танысады, кейін сол идеологияны бөлісетін топпен әлеуметтік байланыс орнатады, соңында когнитивтік сәйкестену нәтижесінде сол идеяны өзінің дүниетанымдық бөлігі ретінде қабылдайды. RAND сарапшылары бұл үдерістің көбіне идеологиялық емес, әдетте әлеуметтік-психологиялық сипат алатынын көрсетеді. Цифрлық қауымдастықтар көбіне адамның әлеуметтік оқшаулану сезімін өтейтін құрал ретінде жұмыс істейді. Мұндай ортада қалыптасқан «бауырластық» атмосферасы сенім мен фанатизм арасындағы шекараны бұлдыратып, психологиялық тұрғыдан радикализацияны жеңілдетеді. Онлайн кеңістік «қауіпсіз пікір алмасу» иллюзиясын туғыза отырып, шектен шыққан сенімді нормаланған құбылыс ретінде қабылдатуға бейім. Зерттеулерге сәйкес, адам өзін қоғамнан шет сезінген кезде интернеттегі қауымдастық оған әлеуметтік қолдау мен «бауырластық» сезімін ұсынады. Бұл психологиялық тұрғыда қауіпсіздік сезімін қалыптастырғанымен, радикал көзқарастардың енуіне де жол ашады. Онлайн кеңістік «қауіпсіз пікір алмасу» иллюзиясын жасап, агрессия мен шектен шыққан сенімді нормаланған мінез үлгісі ретінде қабылдатуға ықпал етеді.
Brookings институтының The ISIS Twitter Census атты зерттеуі радикал идеологияның цифрлық экожүйесін алғаш рет ғылыми тұрғыда талдаған еңбек саналады. 2014–2015 жылдары жүргізілген зерттеу нәтижесінде Twitter желісінде 46 мыңнан аса аккаунт экстремистік мазмұн таратқаны анықталған. Кейбір күні олардың жалпы белсенділігі 50 мыңға жуық твитке жеткен. Ғалымдар бұл құбылысты mass narrative amplification – «идеяның емес, эмоцияның күшеюі» деп сипаттайды. Яғни, радикализм онлайн ортада нақты мазмұн арқылы емес, эмоциялық толқын мен ақпараттық қарқын арқылы таралады. Бұл жағдайда идеяның мәнінен гөрі оның жиілігі мен көлемі маңызды рөл атқарады – эмоция жүйені басқара бастайды.
Brookings институтының The ISIS Twitter Census есебінде радикал идеологияның таралуында автоматтандырылған жүйелердің рөлі ерекше екені анықталған. Зерттеу деректері бойынша, 2014–2015 жылдары Twitter платформасында экстремистік мазмұн таратқан шамамен 46 мың аккаунттың 20 пайызы – автоматтандырылған боттар болған.
Бұл боттар жүйелі түрде бір хэштегті мыңдаған рет қайталап жариялау арқылы ақпараттық кеңістікте «жасанды белсенділік» әсерін қалыптастырып, белгілі бір идеяның үгіт-насихатын жүргізген. Нәтижесінде бір ғана хэштег үш күн ішінде екі мыңнан аса нақты қолданушыға жеткені тіркелген.
Зерттеушілер бұл құбылысты mass narrative amplification – яғни «идеологиялық мазмұнның эмоциялық және көлемдік күшеюі» деп сипаттайды. Мұндай жағдайда радикал дискурс өзінің мәндік құрамынан айрылып, алгоритмдік көрінушілік пен эмоционалдық манипуляция тетігіне айналады.
Калифорния университетінің зерттеушілері Badawy және Ferrara («The Rise of Jihadist Propaganda on Social Networks») 25 мың аккаунт пен 1,9 миллион твитті талдап, радикал контенттің 80%-ы – қайта таратылған посттар екенін дәлелдеген. Яғни, бір ғана идея жүздеген рет көшіріліп, алгоритмдік ұсыныстар арқылы жаңа аудиторияға тарайды. Үш күн ішінде жаңа хэштег орта есеппен 2000-нан аса қолданушыға жетеді. Бұл жағдайда адам белгілі бір контентті еріксіз тұтынады, ал желі алгоритмі оны желі пайдаланушысының «қызығушылығы» ретінде қабылдап, ұқсас мазмұнды жиі көрсетеді.
Нәтижесінде ақпараттық резонанс кеңістігі қалыптасады — адам үнемі ұқсас мазмұнды қабылдап, өз ойының растығына сенімді бола түседі, ал балама пікірлер назардан тыс қалады.
Frontiers in Psychology журналында жарияланған «Onlife Extremism» зерттеуі онлайн мен офлайн радикализмнің бірігіп кеткенін дәлелдейді.
Авторлар бұл құбылысты onlife radicalisation деп атайды. Интернет қазір жеке тұлғаның «цифрлық бейнесін» қалыптастырады. Адам өзін виртуалды қауымдастық арқылы таниды, өз “миссиясын” интернеттен табады.
Сондықтан радикал мінез тек әлеуметтік желідегі риторикада ғана емес, нақты әрекетте де көрініс табады – бұл «онлайн идеяның офлайн жалғасы».
Еуропалық полиция агенттігінің Europol IOCTA 2024 баяндамасында радикализмнің жаңа кезеңі сипатталған. Онда deepfake-видеолар мен GPT арқылы жасалған жалған мәтіндердің 17%-ы діни және саяси сипаттағы манипуляциялық контент екені айтылған. Бұл материалдар көбіне TikTok, Telegram және YouTube арқылы тарайды. Яғни, радикал идеология енді жасанды интеллекттің көмегімен эмоцияны басқаруға көшті.
Бұл – дін мен фанатизм арасындағы шекараның тағы бір бұлыңғыр тұсы.
CTC West Point орталығының мәліметінше, Орталық Азияда радикал контенттің бір бөлігі шекаралас аймақтардан тарайды, бірақ әсері трансұлттық сипатқа ие. Telegram мен TikTok-та қазақ, өзбек және тәжік тілдерінде ашылған «жабық арналар» аймақтық идеологиялық желілерге айналған. Қазақстанның «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңы діни сенім бостандығын сақтай отырып, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге бағытталған.
2025 жылғы USCIRF есебінде Қазақстан тәжірибесі «қауіпсіздік пен құқық арасындағы балансты сақтау үлгісі» ретінде бағаланған.