Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Қазақстанда “Актив“ ломбард филиалдары уақытша жұмысын тоқтатты: иесі ұсталды

Ақтөбеде "Актив Ломбард" ірі ломбардтар желісінің иесі, кәсіпкер Сергей Койнов ұсталды. Қаржы мониторингі агенттігі кәсіпкер қамауға алынғанын растады, деп хабарлайды Paryz.kz tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстанда “Актив“ ломбард филиалдары уақытша жұмысын тоқтатты: иесі ұсталды
фото: видеодан скриншот

ҚМА заңсыз микрокредит беру бойынша кең ауқымды схеманы әшкереледі. Ол еліміздің әр өңірінде 200-ге жуық филиалы бар, комиссиялық дүкендер ретінде жасырынған ірі ломбардтар желісі арқылы жүзеге асырылған. Атап айтқанда, "Актив Ломбард" желісінің иесі Койнов С.С. сенімді адамдарына "Актив Маркет" брендімен тіркелген бірнеше компания рәсімдеген.

"Олар тауарлар мен тұрмыстық техниканы қабылдайтын комиссиялық дүкен ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде лицензиясыз ломбардтық қызмет – мүлікті кепілге қою арқылы қарыз берумен айналысқан. Комиссиялық дүкендер мен ломбардтар бір ғимаратта орналасып, бір персоналды пайдаланған", - делінген хабарламада.

Заңнамаға сәйкес, қысқа мерзімді қарыздар (45 күнге дейін) бойынша сыйақының ең жоғары мөлшерлемесі тәулігіне 0,3 пайыздан аспауға тиіс. Алайда Койнов С.С.-тың компаниясы 15 күнге 16,2 пайыз сыйақымен қарыз берген, бұл заңда белгіленген шектен 4 есе артық.

"Осылайша, жүз мыңдаған азамат, соның ішінде зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасылар қарыз тұзағына түскен. Соңғы екі жылда заңсыз жоғары мөлшерлемемен кепілдік қарыз беру арқылы 3,5 миллиард теңгеден астам қаражат заңсыз өндірілген. 

Түскен кірістерді одан әрі заңдастыру үшін Койнов С.С. байланысы бар компаниялармен бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу және сүйемелдеу бойынша жалған келісімшарттар рәсімдеген. Оның жалпы сомасы – 1,9 ммиллиард теңге. Кейін бұл қаражат жеке депозиттік шотына дивиденд түрінде аударылған". Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлерінде 200-ден астам тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер алынды. 

Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді. ҚМА мәліметінше, Қаржы реттеушісінің лицензиясы бар "Актив Ломбард" желісінің қызметі сотқа дейінгі тергеу нысанына жатпайды. 

"Агенттік оның бірде-бір филиалын жапқан жоқ, "Актив Маркетке" кепілге қойылған мүлік те тәркіленген жоқ, ол "Актив Ломбардтың" иелігінде".

Сонымен қатар, ҚМА азаматтардан заңсыз сыйақы алу фактілері бойынша тағы 14 істі тергеп жатыр. Күдікті ретінде 15 тұлға танылды. 

Tengrinews.kz тілшісі "Актив" ломбардқа хабарласып, олар компанияның Қазақстан бойынша барлық филиалы екі күнге жабылғаны туралы хабарлады. Жұмысты уақытша тоқтатудың себебі ретінде "техникалық себептер" аталды. 

"Қазір бәрі жабық. Басшылықтың тапсырмасы бойынша шамамен екі күн база жұмыс істемейді және бұл уақытта клиенттерді қабылдай алмаймыз", – деді компанияда.

Осы уақытта редакциямыздың Telegram-ботына көптеген қазақстандықтардан "Актив" ломбардынан өз мүлкін қайтара алмай жатқаны жөнінде шағымдар келіп түсіп жатыр.