Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы Астанаға арнайы келді

Президент Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Исаны қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Дүниежүзілік ислам лигасының бас хатшысы Астанаға арнайы келді
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII cъезіне қатысу үшін Астанаға арнайы келген Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Исамен кездесті.

"Президент еліміздің діндер арасындағы диалогты дамыту бастамасына ұдайы қолдау көрсетіп, бейбітшілік пен келісім идеяларын насихаттауға елеулі үлес қосып келе жатқан ұйым басшысына ризашылығын білдірді", - деп жазылған хабарламада.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан ішкі және сыртқы саясатта дінаралық, сондай-ақ мәдениетаралық келісімді сақтауға ерекше мән береді.

Президент 22 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі осының айқын көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар ортақ күш-жігердің арқасында Қазақстанның бастамасы жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға зор ықпал ететінін айтты.

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

"Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы Астанадағы дәстүрлі съезді адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін ерекше пікір алмасу алаңы ретінде жоғары бағалап, еліміздің өсіп-өркендей беруіне тілектес екенін жеткізді", - делінген хабарламада.

Мемлекет басшысы әлемдегі конфессияаралық келісімді нығайтуға және ислам өркениетін кеңінен танытуға қосқан елеулі үлесі үшін Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Исаны I дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады.