Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Шымкент тұрғыны жүкті әйелдерді «миллионмен декретке» шығарамын деп сотталып кетті

Шымкентте 21 жүкті әйелдің жөргекпұлы мен жәрдемақысын қолдан көбейтіп, заңсыздыққа барған 29 жастағы тұрғын сотталды, деп хабарлайды Paryz.kz Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкент тұрғыны жүкті әйелдерді «миллионмен декретке» шығарамын деп сотталып кетті
Фото: istockphoto.com

Ол мемлекеттің әлеуметтік сақтандыру қорына 22 миллион теңге зиян келтірген. Сот бұл ақшаны өтеуді сотталушыға міндеттеді.

«Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 29 жастағы әйелді «алаяқтық жасады» және «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды» деп таныды. Сот оны 21 жүкті әйелдің әлеуметтік және зейнетақы жарналарына тиісті төлемдерді жасанды жолмен көбейтіп, мемлекет тарапынан жүкті әйелдердің босанғанға дейін берілетін бір реттік әлеуметтік төлемдерді бекітілген мөлшерден бірнеше рет артық алуға көмектескен деп тапты. Ол бұл үшін 40 кәсіпкердің электронды цифрлық қолтаңбасын заңсыз пайдаланған», - деп жазды портал. 

Сотталушы Жанат Дүйсенова 2024 жылдың сәуір-желтоқсан айлар аралығында ешқандай жұмыс атқармаған 21 жүкті әйелді жеке кәсіпкерліктерге жұмыс істеді деп тіркеген. 

Олардың аттарынан әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналарын төлеп, қордың лауазымды тұлғаларының сенімін теріс пайдалану арқылы «Мемлекет әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамына 21 809 917 теңге аса ірі көлемде шығын келтірген. Айыпталушы сотта кінәсін мойындаған. Ол тапқан табысының бір бөлігін алған пәтерінің алғашқы жарнасын төлеуге жұмсаған.

Іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыу қоры» акционерлік қоғамы айыпталушыға кешірім берген. Сот сотталушының кінәсі толық дәлелденді дейді. 

«Дүйсенова Жанат Байділләқызы Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2) тармағында, 218-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны бойынша кінәлі деп танылсын. Оған түпкілікті 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», - деп атап өтті сот. 

Сотталушы жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Сот оның кәмелет жасқа толмаған балаларының болуын ескеріп, жазаны өтеу уақытын 3 жылға шегерді. Дүйсеновадан жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын, яғни 22 миллион теңгеге жуық материалдық зиян өндіріледі. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.