Ішкі істер министрі Ержан Сәденов көліктің алдыңғы терезесін ақылы негізде қараңғылауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Бүгін мәжіліс отырысы аясында журналистер көліктің алдыңғы терезесін қараңғылауға рұқсат беру жайында сұрады. Себебі бұған дейін депутаттар "тонировканы" ақылы түрде енгізуді ұсынған болатын.
Министр ондай рұқсатты беруге үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді.
"Қазір бізде рұқсат етілген норма бар. Алдыңғы терезені қараңғылауға болмайды. Артқы терезені зауыттағы стандартпен қараңғылауға рұқсат бар. Ал алдыңғы терезені қауіпсіздік тұрғысынан қараңғылаған дұрыс емес. Біз ондай бастамаға үзілді-кесілді қарсымыз", - деді Сәденов.
Айта кетері, Ресейдің депутаттары ЕАЭО аймағында көлік терезесін қараңғылауға рұқсат беру мәселесі де көтерілген болатын.