Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

«Анасы ішімдікке құмар»: Атырау облысында екі бала үйіне кіре алмай, көшеде жатқан

Атырау облысында 14 жастағы бала мен оның кішкентай қарындасына қатысты жағдай қоғамды дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Анасы ішімдікке құмар»: Атырау облысында екі бала үйіне кіре алмай, көшеде жатқан
фото: әлеуметтік желіден

Әлеуметтік желіде 14 жастағы жасөспірімнің үйіне кіре алмай, көшеде жүрген сәттері бейнеленген кадрлар тарады.

Куәгерлердің айтуынша, оны тамақ пен темекі әкелуге мәжбүрлеген, ал бас тартқан жағдайда үйіне кіргізбеген. Бозбаламен бірге отбасында үш жасар қыз бала өсіп келеді. 

Көршілердің сөзіне қарағанда, анасы ішімдікке құмар, ал оның ағасы еш жерде жұмыс істемейді. Үйіне мас күйінде бөгде адамдар жиі келіп тұрады, ал балалары үнемі қараусыз. Агенттікке берген түсініктемесінде Атырау облысының полиция департаменті кәмелетке толмағандарды алып кеткенін растады. 

«14 жастағы жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, ал оның үш жасар қарындасы – сәбилер үйіне берілді. Ата-анасы балаларға жауапсыздық танытып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген», – деп хабарлады ведомство.

Полиция сонымен қатар осыдан бір жыл бұрын да олардың ата-ана міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын еске салды.

Қазір іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданды. Онда анасының ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралмақ.