11 тамыз кешке Талғар ауданындағы “Физкультурный” шыңында (теңіз деңгейінен 4 мың метрден жоғары) алып тас Ресейден келген 72 жастағы туристің аяғын басып қалды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ауыр жарақат салдарынан ер адам қатты қансыраған. Оқиға кезінде ол ұлымен бірге болған, алайда ұялы байланыс болмауы жағдайды қиындатты. Көмек шақыру үшін зардап шегушінің ұлы бірнеше шақырым төмен түсіп, байланыс ұстайтын жерден жедел қызметке хабарласқан.
Оқиға орнына ТЖМ республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері дереу аттанды. Тоғыз адамнан тұратын топ, екі техника және ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып, тауға көтерілуге кірісті. Құтқарушылар мұздықты, тасты жондарды және тас құлауы қаупі бар аумақтарды түнде, биік таулы күрделі жағдайда еңсеруге мәжбүр болды.
Бес сағаттан астам уақыттан кейін олар зардап шегушіні тауып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, түсіруді бастады. Алайда оның жағдайы нашарлай бергендіктен, қосымша күштер тартылды. 12 тамыз таңертең “Қазавиақұтқару” АҚ тікұшағы “Богданович” мұздығына келіп қонды.
Зардап шеккен турист, оның ұлы және бір құтқарушы Боралдай әуежайына жеткізіліп, одан әрі Алматы қалалық клиникалық ауруханасына шұғыл жеткізілді. Құтқару операциясы 13 сағатқа созылып, аса күрделі биік таулы жағдайда өтті. Абырой болғанда, ер адам аман қалды.