Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұровты қабылдады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстанда кәсіпкерлердің арыз-шағымы 12 пайызға азайып келеді екен.
«Қанат Нұров хабарлағандай, кәсіпкерлердің құқығы бұзылуына қатысты келіп түскен 3275 шағымның 1759-ы (53,7%) бойынша оң шешім қабылданған. Соның нәтижесінде 20 миллиард теңгеден астам шығынның алдын алуға мүмкіндік туды. Жалпы, арыз-шағым саны 12 пайызға азайған», - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кейбір жекелеген жағдаяттар бойынша тиісті реттеуші және құқық қорғау органдарына талап-арыз жолданған.
«Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің құқығын қорғау шараларын одан әрі күшейту маңызды екеніне назар аударған. Кәсіпкерлікті қорғау стратегиясын жүзеге асыру аясында қордаланған проблемаларды шешуге бағытталған бірқатар тапсырма берді», - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.