Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

«Асар-Үме» қорының президенті Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтты

Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр.

«Асар-Үме» қорының президенті Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтты
Коллаж: Kazinform

Бүгін қылмыстық істің екінші эпизодын зерттеу басталды.

Сот отырысында жәбірленуші тараптың өкілі ретінде «Асар-Үме» қорының президенті Асхат Нұрмашев сөйледі. Ол Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға 200 миллион теңге аударылғаны туралы айтты. 

Оның айтуынша, 2023 жылдың қараша айында Израиль мен Газа секторы арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Перизат Қайраттың Қазақстандағы Палестина елшілігінің қолдауымен зардап шеккен тұрғындарға көмек жинау науқанын бастағаны туралы ақпарат тараған. Асхат Нұрмашевтің сөзінше, Перизат Қайраттың Палестина елшілігімен меморандумы болған, бұл оның сенімін тудырған. 

— Мен Перизатпен жеке кездестім, оның жоспарына көз жеткізгім келді. Белгілі болғандай, оның Қазақстандағы Палестина елшілігімен келісімінен бөлек, БАӘ-де Газа секторына көмек ұйымдастыратын қорлармен де байланысы болған. Тіпті Абу-Дабидегі гуманитарлық жүк жіберілетін хабпен байланысы бар екені айтылды, — деді сотта Асхат Нұрмашев. 

Бес күн ішінде «Асар-Үме» қорының өкілдері 293 миллион теңге жинаған. Бастапқыда көмек қаражатын 50 миллион теңгеден бірнеше траншпен жіберу жоспарланған. Алайда, Асхат Нұрмашевтің айтуынша, Перизат Қайрат барлық соманы бір аударыммен жіберуді талап еткен. Нәтижесінде 200 миллион теңгені аудару туралы шешім қабылданған, қалған 93 миллион теңге кейін жіберілуі тиіс болған. 

Қаражат 2023 жылғы 28 қарашада аударылған. Келісімшартқа сәйкес, Перизат Қайрат желтоқсан айында қаражаттың «Абу-Даби қоры» арқылы аударылғаны және Газа секторы тұрғындарына қажетті тауардың сатып алынғаны жөнінде есеп беруі тиіс еді. 

Алайда, қор президентінің айтуынша, уәде етілген есеп берілмеген. Соңында қалған 93 миллион теңгені тікелей Қазақстандағы Палестина елшілігі арқылы аудару туралы шешім қабылданған. «Асар-Үме» қорының өкілдері елшілікпен байланысқа шығып, қаражатты солар арқылы аударған. Асхат Нұрмашевтің айтуынша, елшілік қаражаттың нақты алушыларға жіберілгенін растайтын барлық құжатты ұсынған.