Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасының бас бухгалтері бюджет қаражатын ірі көлемде жымқырғаны үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Paryz.kz қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, есепті медициналық кереуеттерді үш есеге қымбат бағамен сатып алған. Ал жалған баға ұсыныстарын жұбайы дайындап берген.
"Осылайша, тендердің нәтижесінде ЖШС мен аурухана арасында жалпы құны 259 млн теңгеге 220 медициналық кереует сатып алуға шарт жасалған. Бір кереуеттің бағасы 1,2 миллион теңге деп көрсетілген. Бірақ шын мәнінде оның нақты сатып алу бағасы 460 мың теңгеден аспаған, яғни көрсетілген бағадан үш есе арзан болған", - делінген ресми хабарламада.
Тергеу кезінде күдіктілердің 111 млн теңге тұратын мүлкіне тыйым салынды. Ал мемлекетке келтірілген 129 млн теңге көлеміндегі залал толық көлемде өтелді. Бас есепші 2 ай мерзімге қамауға алынды. Оның қылмыстық ісі сотқа жолданды.