Қазақстанға көшіп барып, қашықтан жұмыс істеп жүрген Ресей азаматтары маусым айының басынан бастап Ресей Федералдық салық қызметінен (ФНС) 2022–2023 жылдардағы табыс салығын толық көлемде төлеуді талап еткен хабарламалар ала бастаған, деп хабарлайды Paryz.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы "Ведомости" басылымына салық саласында жұмыс істейтін бірнеше заңгер мәлімдеген.
Олардың айтуынша, клиенттерінің бәрі дәл осындай талаппен бетпе-бет келген. Мәселе мынада: аталған азаматтар сол кезеңде Қазақстанда жұмыс істеп, осы елде жеке табыс салығын 5-тен 20 пайызға дейінгі мөлшерде төлеген. Яғни олар табысын бір рет салықтан өткізгенімен, Ресей тарапы енді тағы да салық төлеуді талап етіп отыр.
Бұл – қос салық салу қаупін тудырып отыр. Deutsche Welle басылымының жазуынша, ресейлік салық органдары қашықтан жұмыс Ресей аумағында жүргізілді деп санайды.
Сондықтан да табысқа салық салу құқығын өздерінде деп есептейді. Алайда салық төлеушілер Қазақстанда жеке табыс салығын төлегені туралы тиісті мәліметтерді өз декларацияларында көрсеткен.
Айта кетейік, 1996 жылдан бастап Ресей мен Қазақстан арасында қос салық салуды болдырмау туралы Конвенция жұмыс істейді. Бірақ соған қарамастан, ФНС бұл деректі ескерусіз қалдырды.