83 жыл бұрын (1942) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және Қырғыз Республикасының халық ақыны, жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар ШАХАНОВ дүниеге келді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Отырар ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Төле би ауданындағы Қасқасу елді мекенінде төбенің басында әкесі қаздырған жертөледе өтті. Сол жертөленің жоғары жағында тау бар, бала ақын алғашқы өлеңдерін таудың бетінде тастан жасалған орындықта отырып жазған. Ақынның әкесі Қасқасу елді мекенінде қари молда болған, ол Мұхтар 9 жаста болған кезде дүниеден өтті. Анасы 13 құрсақ көтерген.
"Алғашқы өлеңімді бала кезімде жаздым, кейін 16 жасымда республикалық газетке шықты. Сол кезде "16 жасар ақын шықты" деп жарияланды. Бүкіл Қазақстан шулады. Елдің түкпір-түкпірінен 400-ден аса хат келді. Екі адам іздеп келді, оның бірі – Шәмші Қалдаяқов, екіншісі – қазақтың дара тұлғалы ақыны Төлеген Айбергенов", - дейді Мұхтар Шаханов.
Мұхтар Шахановтың анасы Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовты өз ұлындай көрген, екеуі де Шахановтың анасын өз анасындай құрметтеп өткен. Шахановтың айтуынша, ол нағашы ағасы Ысқақтың қолында тәрбиеленген. Ол кісінің күніне бір адамға жақсылық жаса деген қағидасын өміріне азық етіп алып қалған. Сол кісінің өмірден өтерде араққа әуес болма деген бір ауыз сөзін де жерге тастаған емеспін, дейді ол.
"Анамыз көңілі дархан кісі болатын. Ол кісінің қолына ақша түссе, дүкеннен өзіне қажетін алып келіп, бөлмесіне қойып қоятын. Үйге келген кісілерге соны таратып, содан қуанышқа бөленетін. Атамызды көрген жоқпын. Мұқаңның түр сипаты сол кісіге ұқсаған деп ойлаймын. Енем үнемі тақымын қысып, іштей тілеуін тілеп отырушы еді", - дейді ақынның жары Ханшайым Шаханова.