Семейде 76 жастағы зейнеткер алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Абай облысының полиция департаментінің мәліметінше қалалық полицияға 68 жастағы зейнеткер әйел жүгінген. Ол 2024 жылдың қазан айында несие рәсімдеуге көмектесуге уәде берген Қазбек есімді азаматқа 100 000 теңге бергенін хабарлады.
"Алайда ақша алғаннан кейін ол азамат байланысқа шықпаған. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол – Семей қаласының 76 жастағы тұрғыны болып шықты", - дейді полицейлер.
Күдікті өз кінәсін мойындап, ақшаны жаратып жібергенін айтты. Аталған дерек бойынша алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Абай облысы полиция департаменті: несие мен басқа да қаржылық қызметтерге байланысты мәселелерді бөгде адамдарға сеніп тапсырмауға; барлық банктік операцияларды тек ресми мекемелер арқылы жүргізуге; күмәнді жағдай туындаған кезде бірден полицияға немесе "102" нөміріне хабарласуға шақырды.