Шағын және орта бизнес Алматының экономикалық дамуында шешуші рөл атқарады әрі қала экономикасының негізін қалыптастырып, оның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бұл туралы Алматы қаласының Экономика басқармасынан хабарлады, деп жазады Paryz.kz.
2024 жылдың қорытындысы бойынша ШОБ субъектілерінің өнім шығару көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13,9% - ға ұлғайып, 24,9 трлн теңгені құрады. Қаланың жалпы өңірлік өніміндегі ШОБ үлесі 60,3% - ға жетті, бұл елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады.
ШОБ секторы жұмыспен қамтудың басты көзі болып қала береді: 2024 жылы онда 972,1 мың адам жұмыспен қамтылды, бұл Алматыдағы жұмыспен қамтудың жалпы деңгейінің 90% -ын құрайды. 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша қалада белсенді жұмыс істейтін бизнес субъектілерінің саны 378,9 мың бірлікке жетті, бұл ағымдағы жылдың басымен салыстырғанда 7,4% - ға артық.
2025 жылғы сәуірде Алматыда республикадағы ең жоғары іскерлік белсенділік тіркелді: іскерлік белсенділік индексі 57,9% -ды құрады.
Ағымдағы жылы шағын және орта бизнесті қолдауға 70 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 52,8 млрд теңге — жергілікті бюджеттен немесе 2024 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.
Алматы кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауды жалғастырып, қаланың іскерлік бастамашылық пен орнықты экономикалық өсу орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтуда.
Алматы еліміздің ең тартымды экономикалық орталықтарының бірі мәртебесін растай отырып, инвестициялар саласындағы оң серпінді көрсетуді жалғастыруда.
Алматы қаласы Экономика басқармасының хабарлауынша, 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 541,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,6% - ға артық.
Салымдардың ең көп өсуі мынадай салаларда тіркелді: білім беру — 7,2 есе, қаржы және сақтандыру қызметі — 2 есе, сумен жабдықтау және су бұру — 1,9 есе, туризм — 1,5 есе, жылжымайтын мүлікпен операциялар - 22,1% — ға, электрмен және жылумен жабдықтау —19,4% - ға, көлік және қоймалау - 14,7%. Мұндай динамика қаланың инвестициялық портфелінің әртараптандырылуын және инвесторлардың экономиканың түрлі салаларына деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Алматы Қазақстандағы инвестициялық өсудің басты орталықтарының бірі ретінде өз позициясын сенімді нығайтуда. 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес Алматы экономикасына негізгі капиталға 2,2 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.