Қарағанды прокуратурасы Instagram* желісінде алкогольді ішімдіктерді жарнамалаған супермаркеттер мен дәмханаларға айыппұл салды, деп хабарлады аймақтық ведомствоның баспасөз қызметі.
Әлихан Бөкейхан ауданының прокуратурасы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер парақшаларында алкогольдік өнімдерді жарнамалау саласындағы заң бұзушылықтарды анықтады.
"Прокуратура Instagram, Facebook, Telegram және басқа да платформаларға мониторинг жүргізді. Нәтижесінде, ірі супермаркеттердің бірінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында алкогольді ішімдіктерді жеңілдікпен сатып алуды ұсынатын жазбалар үнемі жарияланып тұрған. Аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалып, жауапты адамға айыппұл салынды", - деп жазылған хабарламада.
Осындай заңбұзушылықтар дәмханалар мен мейрамханаларда да анықталды. Тексерулердің қорытындысы бойынша салынған айыппұлдың жалпы сомасы 700 мың теңгеден асып, оның барлығы толығымен төленді. *Ресейде Мета қызметі (Facebook және Instagram әлеуметтік желілері) экстремистік деп танылып, оларға тыйым салынған.