Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірнеше қала мен өңірде қылмыстық топтың мүшелерін ұстады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Комитет президенттің қылмыс пен деструктивті әрекетке қарсы күресте қатаң шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындап жатыр.
«2024 жылғы 18 қыркүйекте ҰҚК, ІІМ және БП ведомствоаралық жедел-тергеу тобы арнайы операция барысында Астана, Алматы және Шымкентте сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстады. Барлығы 50 адам ұсталып, ішкі істер органдарына жеткізілді. Топтың мүшелері тауарлар мен көліктерді ұрлау арнасын ұйымдастырды, сондай-ақ ұйымдасқан қылмысты қаржыландырды деген күдікке ілінді. Олар 20-дан аса адамның сеніміне кіріп, 2 млрд теңгеден асатын мүлікті тонаған, - деп жазылған хабарламада.
ҰҚК мәліметінше, топтың нақты иерархиясы болған. Олар қылмыс пен деструктивті діни ортаның өкілдерінен, оның ішінде түрмедегі жазасын өтеушілерден құралған. Топтың мүшелерін тінту барысында банк карталары, көлемді ақша, экстремистік әдебиеттер, ақша аударымдары жазылған жазбалар және өзге де заттар табылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.