Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Депутат елдің қалай күнелтіп отырғанын көріп шошыған

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматының айналасындағы саяжайларда тұратын халықтың үндеуін Үкіметке депутаттық сауал арқылы жолдады, деп хабарлайды Paryz.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап. 

Депутат елдің қалай күнелтіп отырғанын көріп шошыған
Фото: BAQ.KZ

Ол тұрғындардың жағдайын жазда өз көзімен көріп келген.

Тұрмысы тұралап қалған, бюджеттен бір тиын көмек көрмейтін, Алматының айналасында тұратын жарты миллион адамның өтініші – осы депутаттық сауалыма негіз болды. Жағдай күрделі, халықтың шыдамы шегіне жеткен. Жақында Алматы облысының аудандарын аралап, мыңдаған тұрғынмен кездесу өткізіп, саяжай алаптарында тұратын елдің қалай күнелтіп отырғанын көріп шошыдым, - деді Мақсат Толықбай.

Оның айтуынша, Қонаев қаласы, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Іле ауданының өзінде 674 саяжай бар. Тұрғындарының саны 500 мыңға жақындаған.

Бұл деректің өзін де нақты айту қиын. Себебі, азаматтар тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеле алмаған соң, жәрдемақы мен мемлекеттік көмек алу үшін Алматы қаласына тіркелуге мәжбүр, - деді депутат.

Мақсат Толықбайдың айтуына қарағанда, халық қысы-жазы тұрғынжай етіп отырған жүздеген саяжайда мектеп, балабақша, қоғамдық көлік қатынасы, медициналық жәрдем көрсету, асфальт, пошта, байланыс пунктері әлеуметтік қызмет инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандар атымен жоқ. Электр қуатына дейін жекенің қолында. Екі есе тарифпен төлеуге мәжбүр.

Оқу жылы басталғалы балалар бірнеше шақырым жердегі мектепке балшықпен барып, кейде иттерге таланып жатыр. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Қысқасы, жүздеген мың отандасымыздың сұрайтыны - «ауыл» статусы. Өйткені, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын қалалық және ауылдық аумақтарды дамытуға ғана бөле алады. Бұл түйткілді мәселені үкіметтің деңгейінде күн тәртібіне шығармасақ, бұның арты үлкен әлеуметтік шиеленіске алып келуі мүмкін, - деп айтты мәжілісмен.

Толықбай саяжайлардың территориясын қасындағы ауылдық округтерге қосып немесе «ауыл» статусын бере салғанмен проблема шешіле салмайтынын жеткізді.

Бір ғана облыс әкімдігінің шамасы жетпейді. Көп қаржыны қажет етеді. Сондықтан Үкімет жедел әрекет етіп, саяжай мәселесін шешуге арналған нақты, ауқымды бағдарлама әзірлеу керек. Ашығында, бұл Алматы облысында ғана емес, байтақ Қазақстанның әр өңіріндегі түйнек, - деді ол.