Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасы вице-президентінің өкілеттіктері туралы" Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.
Вице-президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық сипаттағы бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етеді және оларды президентке ұсынады.
Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде президент атынан өкілдік етеді.
Сонымен қатар президент тапсырмасы бойынша халықаралық іс-шараларға қатысады, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқарады, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді.
Жарлықпен белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында вице-президент өкім шығаруға, өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге, Құрылтай, Үкімет, Халық Кеңесі, президент жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға құқылы. Еске салсақ, Қазақстанның вице-президенті болып Ерлан Қарин тағайындалған еді.