COP31 алаңында климаттық қаржыландырудың жаңа тетіктері мен жел электр станцияларын салуға қатысты келісімдер таныстырылды. Қазақстан сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттырып, парниктік газдар шығарындыларын қысқартуды көздеп отыр, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қазақстан жаңартылатын энергетиканы дамытып, климаттық жобаларға инвестиция тарту жұмыстарын жалғастыруда. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі – мемлекеттік ресурстарды, халықаралық қорлар мен жеке капиталды біріктіруге мүмкіндік беретін жаңа қаржыландыру тетіктерін қалыптастыру.
2026 жылғы 10 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында Қазақстанның климаттық инвестициялар жөніндегі елдік платформасы (QCIP) таныстырылды. Оның мақсаты – экологиялық жобаларды әзірлеу мен іске асыруға, сондай-ақ халықаралық қаржыландыруды тартуға жәрдемдесу.
Платформа аясында Қазақстанның Әділетті энергетикалық көшу жөніндегі инвестициялық платформасын (QaJET) дамыту көзделген. Оның негізгі міндеттерінің бірі – 2035 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері қуатын кемінде 10 ГВт-қа жеткізуге, сондай-ақ электр желілерін жаңғыртуға және энергия сақтау жүйелерін дамытуға ықпал ету.
Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі артып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы он жылда ірі су электр станцияларын есепке алмағанда, ЖЭК-тен өндірілген электр энергиясы 16 еседен астам өскен. Атап айтқанда, 2015 жылы бұл көрсеткіш 536,5 млн кВт·сағат болса, 2025 жылы 8,7 млрд кВт·сағатқа жеткен. Жалпы электр энергиясын өндірудегі олардың үлесі 0,6%-дан 7%-ға дейін артқан.
Салаға жаңа инвестициялық келісімдер де қосымша серпін беруде. 12 қарашада COP31 алаңында Қазақстанда бірнеше климаттық және энергетикалық жобаны жүзеге асыру жөніндегі келісімдерге қол қойылды.
Олардың қатарында Түркістан облысының Бәйдібек ауданында қуаты 150 МВт жел электр станциясын салу жобасы бар. Жоба станция құрылысы, қажетті инфрақұрылым мен электр беру желілерін қамтиды. Сондай-ақ Қостанай облысында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салуды қаржыландыру туралы келісім жасалды.
Елдің климаттық міндеттемелерін орындау да маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Париж келісімі аясындағы жаңартылған ұлттық үлеске сәйкес, Қазақстан 2035 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда өз күшімен 17%-ға қысқартуды мақсат етіп отыр. Халықаралық қолдау болған жағдайда бұл көрсеткішті 25%-ға дейін жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар 2026–2029 жылдары жаңартылатын энергетика саласында жалпы қуаты 7 ГВт-тан асатын 45 жобаны іске асыру көзделген.
Осылайша, Қазақстанда жасыл экономиканы дамыту энергетикалық жобаларды кеңейтумен, инвестиция тартумен және климаттық міндеттемелерді орындаумен қатар жүзеге асырылуда. Жоспарланған бастамаларды іске асыру елдегі таза энергия көздерінің үлесін арттыруға және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға ықпал етуі тиіс.