Прямая трансляция

Астана

Астана

15.07°C

1 қазаннан бастап Қазақстанда валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер өзгереді

Қазақстанда 12 айдан жоғары мерзімге ашылатын жинақ валюталық депозиттері бойынша ең жоғары шекті мөлшерлеме жылдық 1%-дан 2,5%-ға дейін көтеріледі. Жаңа шарттар 1 қазаннан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Paryz.kz.

1 қазаннан бастап Қазақстанда валюталық депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелер өзгереді
Фото: Paryz.kz

Қазақстанның депозитке кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) хабарлауынша, бұл өзгеріс тек 1 қазаннан кейін ашылатын немесе мерзімі ұзартылатын (пролонгацияланатын) салымдарға қатысты болады.

Қор өкілдері шекті мөлшерлеменің ұсынылатын жоғарғы шек екенін атап өтті. Екінші деңгейлі банктер өздерінің депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерін өз бетінше белгілейді.

Сонымен қатар, кез келген мерзімдегі мерзімді және мерзімсіз салымдар, сондай-ақ 12 айға дейінгі немесе 12 айлық жинақ депозиттері бойынша шекті мөлшерлеме бұрынғыша жылдық 1% деңгейінде қалады.

Валюталық депозиттер бойынша кепілдік берудің ең жоғары мөлшері өзгеріссіз қалды. ҚДКҚ әрбір банктегі салымдардың сақталуына мынадай шектеулер шегінде кепілдік береді:

  • Тенгедегі жинақ салымдары бойынша: сыйақыны қосқанда 20 млн теңгеге дейін;

  • Теңгедегі басқа салымдар, ағымдағы шоттар мен төлем карточкалары бойынша: 10 млн теңгеге дейін;

  • Шетел валютасындағы салымдар, шоттар мен карточкалар бойынша: сыйақыны қосқанда 5 млн теңгеге дейін (баламасында).

Осылайша, шекті мөлшерлеменің өсуі тек ұзақ мерзімді жинақ валюталық салымдарына ғана қатысты болып отыр. Валюталық жинақтарды мемлекеттік кепілдендіру сомасы бұрынғы деңгейде сақталады.