Ресейге қарсы Еуроодақтың 19-шы санкциялық пакеті аясында "ВТБ Банк (Қазақстан)" шектеулер тізіміне енгізілді. Бұл шешім 2 желтоқсаннан бастап күшіне енеді және Еуроодақ аумағында банкке қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салады. Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев бұл жағдай Қазақстан экономикасына әсер етпейтінін және салымшылардың алаңдауына себеп жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Айтуынша, бұл жағдайдың ел экономикасына әсері болмайды.
ВТБ арқылы операциялар іс жүзінде жүргізілмейді, сондықтан бұл банк жалпы қаржылық тұрақтылыққа теріс әсер етпейді. Сол себепті бұл жағдай экономикалық тұрғыдан елеулі қауіп немесе алаңдаушылық тудырады деп ойламаймын, – деді Жамаубаев Сенаттың кулуарында.
Сонымен қатар ол Үкімет қаржы секторындағы жүйелік тәуекелдерді тұрақты түрде бақылауда ұстап отырғанын алға тартты.
Сонымен қатар қажет болған жағдайда клиенттердің мүддесі қорғалатынын жеткізді. Егер, Құдай сақтасын, еліміздегі кез келген банк банкротқа ұшыраса немесе қиындыққа тап болса, онда бізде заңнамаға сәйкес жұмыс істейтін депозиттерді кепілдендіру жүйесі бар, – деп толықтырды Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары.