Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев министрлік атынан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың мәселесіне байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды paryz.kz.
Оның айтуынша бүгінгі күні келісімшарт Шайдоровтың командасына жолданды және оған қол қойылды.
"Қол қою рәсімінің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өтті. Тараптар ортақ мәмілеге келіп, келісімшарттың барлық тармағын жан-жақты талқылады. Құжатқа қол қойылғаннан кейін министрлік оны жұмыс тәртібімен қабылдады", - деді Серік Жарасбаев.
Вице-министр алдағы уақытта келісімшартта көзделген барлық қаржы толық көлемде төленетінін атап өтті.
"5 маусымда Михаил Шайдоров жаңа маусымға дайындық үшін АҚШ-қа аттанады. Сондай-ақ бірер күннен соң Михаил Шайдоров өз командасымен бірге Туризм және спорт министрлігіне келеді. Кездесу барысында алдағы жоспарлар мен келесі Олимпиадаға дайындық мәселелерін талқылаймыз", - деп түйіндеді Жарасбаев.