Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Бас прокуратура сайлау алдында қазақстандықтарға ескерту жасады

29 қарашада өтетін барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауыга қатысты Бас прокутура үндеу жариялады, деп хабарлайды paryz.kz.

Бас прокуратура сайлау алдында қазақстандықтарға ескерту жасады
Фото: istockphoto

"Бүгінгі таңда прокуратура органдары сайлау заңнамасын бұзудың 13 фактісін анықтады, оның ішінде 7 факт – үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде оны жүргізуге байланысты. Барлық кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылды.", - дейді Бас прокуратурада. 

Сайлау алдындағы үгіт жүргізу 28 қараша сағат 00:00-де аяқталады. Конституциялық заңның 32-бабына сәйкес дауыс беру күні және оның алдындағы күні, яғни 2026 жылғы 28 және 29 қарашада кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады. Бұл ретте сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс бұрын ілінген баспа үгіт материалдарын бұрынғы орындарында сақтауға болады. Сол сияқты интернет желісінде бұрын орналастырылған үгіт материалдарын да бұрынғы орындарында сақтауға болады. 

"Бұрын орналастырылған үгіт материалдарын интернет-ресурстардың басты беттеріне шығаруға жол берілмейді. Сондай-ақ толтырылған бюллетеньді фото- және (немесе) бейнетүсірілімге түсіруге және оны дауыс беру күні таратуға тыйым салынады", - дейді прокуратурада. 

Заңның осы нормалары сақталмаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабы бойынша әкімшілік жауаптылық туындайды. Жеке тұлғаларға – 15, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 

"Сонымен қатар Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағына сәйкес қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерін дауыс берілетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейтінін түсіндіреміз", - дейді ведомстводағылар. 

Сондай-ақ сайлау күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірді сұрауға тыйым салынады. Көрсетілген құқықтық талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Жеке тұлғаларға – 10, заңды тұлғаларға – 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бұдан басқа, Бас прокуратура "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" Заңының ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салды. Осыған сәйкес жиналыстарды, митингілерді және пикеттерді ұйымдастыру және өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі, ал демонстрациялар мен шерулер үшін келісу тәртібі белгіленген.

"Жоғарыда көрсетілген белгіленген тәртіпті бұза отырып, өткізілетін бейбіт жиналыстарды ұйымдастырғаны және оларға қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабы бойынша жауаптылық көзделген. Егер бұл әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірумен ұштасса, қылмыстық жауаптылық туындайды", - дейді прокуратурада. 

Сондай-ақ масс-медиада жалған ақпарат пен құқыққа қайшы контентті таратуға жол берілмейтініне назар аударамыз, өйткені мұндай әрекеттер үшін олардың қауіптілік дәрежесіне және келтірілген зиянға қарай Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық та, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жаза көзделген.