19 қарашада Ақтауда «Цифрлық сауаттылық және саналы мінез-құлық» тақырыбында CYBER SANA облыстық цифрлық форумы өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ отандық медиа саласының танымал тұлғалары қатысты, деп хабарлайды paryz.kz.
Форумның негізгі мақсаты - өңір тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру, интернеттегі қауіп-қатерлерді дер кезінде танып, алаяқтық әрекеттерден қорғану дағдыларын қалыптастыру.
Іс-шараны Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен облыстық полиция департаменті бірлесіп, «Эко Мангистау» үкіметтік емес мекемесінің ұйымдастыруымен өткізді. Форум облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылды.
Форумның сараптамалық бөлімінде сала мамандары интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері мен олардан қорғану жолдары жөнінде нақты түсініктеме берді. Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Айболат Мурзашев интернет-алаяқтық құрбаны болған жағдайда ең алдымен қандай әрекеттерге бару керектігін түсіндірді.
Сондай-ақ, ҚР Ұлттық Банкінің Маңғыстау филиалының бас маманы - заң кеңесшісі Алтынай Кощиева банктік операциялардың қауіпсіздігіне тоқталып, қаржылық алаяқтықтан сақтанудың маңызды тетіктерін атап өтті. Ал Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің Превенция және талдау басқармасы басшысының орынбасары Диас Қазбек қаржы пирамидалары, жалған инвестициялық жобалар мен дропперлікке қатысты қауіптерді түсіндірді.
Форум аясында цифрлық қауіпсіздіктің әлеуметтік және психологиялық қырлары да кеңінен талқыланды. Бұл бағытта театр және кино актері Төлепберген Байсақалов, актриса әрі тележүргізуші Дина Тасбулатова, кәсіпкер және бизнес-тренер Шолпан Түсіпбекова, блогер әрі актер Ільяс Көпжасаров, кәсіпкер, шешендік өнер және коммуникация бойынша тренер Қайрат Хасанов өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Спикерлер танымал тұлғалардың қоғам алдындағы беделі мен аудитория сенімін алаяқтық мақсатта пайдалану мәселесіне назар аударды. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі жеке шекараны сақтау, өзара құрмет, отбасы мүшелері мен жақындардың цифрлық қауіпсіздігі, ойланбай жарияланған ақпараттың ықтимал салдары және алаяқтар қолданатын психологиялық айла-тәсілдер жөнінде сөз қозғады.
Форум бағдарламасында сарапшылармен ашық диалог, қатысушылардың онлайн форматта сұрақ жолдау мүмкіндігі және цифрлық қауіпсіздік тақырыбындағы «CYBER SANA» интерактивті квизі ұйымдастырылды.