37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің қазасына қатысты тергеу жалғасып жатқан тұста оның бұрынғы әріптесі Жігер марқұмның қызметтегі және өмірдегі болмысы жайлы айтып берді, деп хабарлайды paryz.kz сайты Stan.kz сілтеме жасап.
Айтуынша, Аслан Әлсеров полиция қатарында тәжірибелі әрі кәсіби маман ретінде танылған. Әріптестері оны есімімен емес, көбіне «Басар» немесе «Слепой» деген лақап атпен атайтын болған.
«Оқиға туралы алғаш естігенде қаза тапқан адамның Аслан екенін бірден түсінбедім. Себебі біз оны көбіне "Басар" немесе "Слепой" деп атайтынбыз. Өзі де өзін солай таныстыратын. Пәтер ұрлығы бойынша қылмыстарды ашуда өте мықты маман еді. Қылмыскерлерді ұстауда тәжірибесі мол болатын. Бірнеше рет қастандыққа ұшырады. Оған пышақ салған, оқ атқан, жақ сүйегі мен мұрны сынған жағдайлар да болған», – дейді бұрынғы әріптесі.
Жігердің сөзінше, қызметте Аслан Әлсеровті ешкім ашушаң немесе психологиялық тұрғыдан тұрақсыз адам ретінде танымаған. Керісінше, ол сабырлы, бес уақыт намазын оқитын, діндар азамат болған.
Сонымен бірге ол марқұмның балаларына өте талапшыл әке болғанын айтады. Балалардың күн тәртібі қатаң сақталып, сабақтан кейін күрес, дзюдо және джиу-джитсу секцияларына қатысып жүрген. Егер жаттығудан қалса, әкесі оған қатты мән беретін көрінеді.
«Оны озбыр әке болды деп айта алмаймын. Бұл оқиға мен үшін де күтпеген жағдай болды. Қызметте жүргенде оны әрдайым сабырлы, ұстамды адам ретінде көрдік», – дейді ол.
Сонымен қатар бұрынғы әріптесі қайғылы оқиғаға отбасындағы жанжал себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның пікірінше, жанжал кезінде балалар анасын қорғауға тырысқан болуы ықтимал.
«Мен Асланды кәсіби маман әрі сабырлы адам ретінде білдім. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсететін адамдардың көбі мұны сырт көзге байқатпайды. Сондықтан айналасындағылар оларды үлгілі отбасы деп қабылдауы мүмкін», – деді Жігер.
Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарындағы медициналық және психологиялық іріктеу жүйесіне қатысты пікірін білдірді.
Оның айтуынша, қазіргі психологиялық тестілеу адамның нақты психикалық жағдайын толық бағалай алмайды.
«Кәсіби-психологиялық іріктеу кезінде бір сұрақ әртүрлі формада бірнеше рет қойылады. Мұндай тест адамның шынайы психологиялық жағдайын толық көрсете бермейді. Сондықтан оған толықтай сенуге болмайды», – дейді бұрынғы полицей.