Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

«Талаңдар мені»: Жандарбек Бұлғақов желіде әнші Yenlik-пен дауласты

Желіде әнші Yenlik пен айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтың арасында дау туды, деп хабарлайды paryz.kz.

«Талаңдар мені»: Жандарбек Бұлғақов желіде әнші Yenlik-пен дауласты
Фото: әлеуметтік желіден

Жандарбек Бұлғақов әлеуметтік желіде Yenlik орындайтын BIPL әннің мәтініне қатысты сын пікірін жазған.

"Қарындасым, бағың жанып, бақытың ашылсын. Орындаушылығың мен даусыңа басқа кәсіби мамандар пікір айтар. Бірақ дәл мына мәтіннің мағынасы жоқ. Мен оны сөз түсінетін қазақ ретінде айтып отырмын. Өнерге келген екенсің елдің асыра мақтауына да, жігеріңді жаныған сыни пікіріне де дайын бол. Ішіміз ашығаннан емес, тілге жанымыз ашығаннан сөйлейміз", - деп жазған айтыскер.

Айтыскердің бұл жазбасын ауыр қабылдаған әнші қарымта жауап қатты.

"Өтірік тілек жазбай-ақ қойыңызшы. Менің шығармашылығымды толық қарап шыққан болсаңыз, бұлай бір әніме қадалып қалмайтын едіңіз. Сыныңызды мысқылдап, келеке қылмай-ақ осылай бастасаңыз да болар еді. Мен сіздің айтыстарыңызды көріп, шығармашылығыңызды сыйлайтынмын. Бүйтіп жаныңыз ашымай-ақ қойсыншы", - деп жауап қайтарды Yenlik.

Жандарбек Бұлғақов әншінің бұл ренішін де үнсіз қалдырмады.

«Жарықтық Threads парақшам бір аунап түсіпті ғой. Ал, талаңдар мені, қазір жауап беремін. Біріншіден, “Бұл қай ән? Кім не түсінді?” деген сұрақ қойылды. Оған “Бұл — Еңліктің әні, мағынасы осындай” немесе “Дым түсінбедім” деп сауатты, салқынқанды жауап бергендер бар. Негізгі шаруа сонымен бітті», - деп жазды ол. Сонымен қатар Жандарбек Бұлғақов өзіне тағылған «қыз баланы сынады» деген айыптаулармен келіспейтінін білдірді. Ақын пікірінде өнерпаздың жеке тұлғасына емес, тек шығарма тақырыбына назар аударылғанын айтты. «Өнерпаздың жынысы, сыр-сымбаты, тұлғасы мен әншілігі туралы бір ауыз сөз айтылған ба? Тақырып мәтін емес пе?», - деп түйіндеді айтыскер.