Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

«Орны ойсырап тұр»: Төбелесте қаза тапқан ер адам танымал бапкердің ұлы болып шықты

20 қаңтар күні Шымкентте болған жаппай төбелес салдарынан қаза тапқан Василий Колесниковтың әкесі қайғылы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды paryz.kz.

«Орны ойсырап тұр»: Төбелесте қаза тапқан ер адам танымал бапкердің ұлы болып шықты
Фото: видиодан скриншот

Марқұмның әкесі — грек-рим күресінен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері, танымал бапкер Александр Колесников екені белгілі болды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Василий қайғылы оқиғадан бір күн бұрын марқұм болған әйелінің жылын өткізген. Әкесі ұлының өлімі отбасына ауыр соққы болғанын айтып, жүрекжарды сөзін жеткізді. 

«Ұлым жетіспей тұр. Бір жыл бұрын әйелімнен айрылып қалған едім, енді ұлым жоқ. Төрт ұлым бар, енді үшеуі қалды. Кішілерге айтпадым, көлік апатынан қаза тапты дедім. Ал шынында пышақтан, кісі қолынан қаза тапты. Орны ойсырап тұр», – деді ол. 

Марқұмның әкесінің сөзінше, Василий тек өз отбасының ғана емес, көрші-қолаңның да сүйікті азаматы болған. Ол айналасына қамқор, спортты жанына серік еткен жан ретінде танылған.

Сондай-ақ Василий ислам дінін қабылдап, мүмкіндігі шектеулі көрші балаға үнемі сыйлық жасап тұрыпты. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті төрт ер адам ұсталып, қамауға алынды.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр.