Прямая трансляция

Астана

Астана

2°C

Алматыда жасанды интеллектіні ғылымға енгізудің жаңа моделі ұсынылды

2026 жылғы 17 қыркүйекте Алматыдағы «Ғылым ордасында» Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Qazaqstan AI for Science» алғашқы ашық тұжырымдамалық сессиясы өтті. Іс-шарада жасанды интеллектіні ғылыми зерттеудің барлық кезеңіне енгізу және толық ғылыми циклді ұйымдастырудың жаңа моделін қалыптастыру мәселелері талқыланды, деп жазады Paryz.kz.

Алматыда жасанды интеллектіні ғылымға енгізудің жаңа моделі ұсынылды

Сессияға мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР ҰҒА академиктері, отандық және шетелдік ғалымдар, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының, ұлттық компаниялар мен технологиялық бизнес өкілдері қатысты. Халықаралық сарапшылар қатарында Қытай ғылым академиясының академигі, ҚР ҰҒА шетелдік мүшесі, CBAS бас директоры Гуо Хуадун және Чжэцзян технологиялық университетінің профессоры Чэнь Си болды.

Қатысушыларға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзі жеткізілді. Онда жасанды интеллектінің әлемдік ғылымның даму бағытын өзгертіп жатқаны және Қазақстанның осы үдеріске белсенді қатысуының маңыздылығы атап өтілді. «Qazaqstan AI for Science» бастамасының негізгі міндеттерінің бірі – ғалымдардың деректерге, есептеу қуаттарына, цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологияларына қолжетімділігін қамтамасыз ететін заманауи ғылыми орта қалыптастыру.

b758b90d94ee7b5106d63a3f86226d33d5e8e541bafb467d9c57adf7033f0b5e_1280x720.jpg

ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде жасанды интеллект ғылыми зерттеулердің құралдарын ғана емес, ғылыми ізденістің логикасын да өзгертіп отырғанын айтты.

«Жасанды интеллект ақпаратты өңдеу жылдамдығын ғана өзгертпейді. Ол зерттеудің өзіндік логикасын өзгертеді: ауқымды деректер массивтеріндегі байланыстарды көруге, балама гипотезаларды қалыптастыруға, қайшылықтарды анықтауға және оңтайлы экспериментті таңдауға көмектеседі. Алайда машинаның нанымды жауабы өздігінен ғылыми факт болып саналмайды. Алынған нәтиженің сенімділігі қайта жаңғыртылатын есептеулермен, физикалық экспериментпен, тәуелсіз тексерумен және зерттеушінің, яғни ғалымның жауапкершілігімен қамтамасыз етіледі», – деді ол.

Академия басшысының айтуынша, ұсынылып отырған модель адам, жасанды интеллект және эксперименттік ғылым мүмкіндіктерін өзара байланысты біртұтас циклге біріктіруге негізделеді. Бұл жүйеде адам зерттеудің мақсаты мен шектеулерін айқындайды, жасанды интеллект ізденіс аясын кеңейтеді, ал эксперимент пен тәуелсіз валидация алынған нәтижелердің дұрыстығын тексереді.

Ақылбек Күрішбаев Ұлттық ғылым академиясының бұл үдерістегі рөліне де тоқталды. Оның сөзінше, Академияның міндеті – ғылыми әдіснаманы әзірлеу, құзыреттерді біріктіру, елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін бағалау және тәуелсіз валидацияны ұйымдастыру. Бұл ретте Академия мемлекеттік органдардың, университеттердің, салалардың немесе цифрлық инфрақұрылым иелерінің функцияларын алмастырмайды, керісінше, олардың мүмкіндіктерін ортақ нәтижеге бағыттайтын ғылыми алаң қалыптастырады.

Сессия барысында «Qazaqstan AI for Science» бастамасын деректерді, модельдерді, ғылыми құзыреттерді, есептеу ресурстарын, зертханалар мен нәтижелер мониторингін өзара байланыстыратын үлестірілген ғылыми-технологиялық экожүйе ретінде дамыту ұсынылды.

Халықаралық тәжірибемен қатар кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект, су ресурстары, Smart City, медициналық аналитика, робототехника және өнеркәсіп салаларындағы қазақстандық әзірлемелер таныстырылды. Қатысушылар оларды жеке жобалар ретінде ғана емес, болашақтағы өзара байланысқан ғылыми-технологиялық жүйенің құрамдас бөліктері ретінде қарастырудың маңызын атап өтті.

Іс-шара аясында ғылыми әзірлемелер мен заманауи жабдықтар көрмесі ұйымдастырылып, жасанды интеллектіні өнеркәсіпте, медицинада, су ресурстарын басқаруда, қалалық ортаны дамытуда және робототехникада практикалық қолдану мүмкіндіктері көрсетілді.

Бастаманы одан әрі іске асыру үшін ғылыми зерттеудің толық циклін сынақтан өткізуге арналған алғашқы пилоттық міндеттер айқындалды. Ұсынылған модель мәселені анықтау, гипотеза қалыптастыру, зерттеуді жоспарлау, оны іске асыру, нәтижелерді тексеру, тәжірибеге енгізу және тиімділігін бағалау кезеңдерін бір жүйеге біріктіреді.

Алдағы жұмыс деректер мен модельдерге қойылатын бірыңғай талаптарды қалыптастыруға, ұлттық ғылыми-технологиялық әлеуетті түгендеуге, қорғалған технологиялық архитектура құруға және пилоттық міндеттерді іске қосуға бағытталады. Ұлттық ғылым академиясы зерттеу сапасын, нәтижелердің қайта жаңғыртылуын және олардың практикалық тиімділігін арттыру мақсатында ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу мен тәуелсіз валидацияны қамтамасыз етуді көздейді.

«Qazaqstan AI for Science» бастамасы ғылымды, жасанды интеллектіні және экспериментті біртұтас жүйеге біріктіруге, ғылыми нәтижелердің сенімділігін арттыруға және оларды Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық әрі технологиялық міндеттерін шешуге бағыттауға арналған.