Өзбекстан Республикасының азаматы, "Маха.dxb" бүркеншік атымен танымал блогер Махмуд Хикматовқа халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Сот оны қамауда ұстауға санкция берді.
Махмуд Хикматов "SultanGames", "PINCO", "Nomadcasino", "Pin-Up", "Vavada" және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілінді.
"Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын тұрақты жүйе құрылған. Осы жүйе арқылы интернет-казино интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау және төлеу жолға қойылған. Ол үшін эквайринг, мобильді төлемдер мен криптовалюта пайдаланылған. Сондай-ақ ел азаматтарын құмар ойындарға көптеп тарту мақсатында жарнама таратылған", - дейді агенттік.
Интернет-казиноларды жарнамалау үшін ұйымдастырушылар блогер М.Хикматовты тартқан. Оған Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерді тауып, солар арқылы жарнамалық материалдар жариялату міндеті жүктелген.