«NELSA» азаматтық теңіз танкеріне Каспий құбыр консорциумының (КТК) Теңіз терминалында мұнай тиеу кезінде пилотсыз ұшу аппараты шабуыл жасады, деп хабарлайды paryz.kz.
КТК мәліметінше, оқиға 20 шілдеде №1 жүзбелі айлақ құрылғысы (ЖАҚ-1) жанында болған. Компанияның ақпараты бойынша, дрон танкердің оң жақ бортының артқы бөлігіне - қондырма мен машина-қазандық бөлімі арасына тиген. Нәтижесінде палубада және кеменің ішкі бөліктерінде өрт шықты.
Өртті кеме экипажы мен КТК-ның апаттық-құтқару бөлімшелері бірнеше сағат ішінде сөндірді. 22 адамнан тұратын халықаралық экипаж консорциумның буксирлерімен эвакуацияланды. Бортта тек капитан мен капитанның аға көмекшісі қалды. Танкердің жүзу қабілетін сақтап қалғаны аталып өтті. Оқиғадан кейін мұнай тиеу тоқтатылды. Компания мұнайдың төгілуіне және жүк танктерінде өрттің тұтануына жол берілмегенін баса айтты.
КТК бұл соңғы күндердегі осымен екінші ұқсас оқиға екенін еске салды. Оның алдындағы шабуылдан кейін мұнай тиеу 19 шілдеде кешке қайта бастау алған болатын. Ол кезде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Энергетика министрлігі шабуылды айыптап, азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылдар елдің экономикалық мүдделеріне жасалған қолсұғушылық деп мәлімдеді.
Консорциум шабуылды дайындау барысында орасан зор экологиялық және техногендік қатерлер, сондай-ақ халықаралық экипаж мүшелерінің өміріне қауіп төндірілгенін хабарлады. Компания КТК-ға қатысушы мемлекеттерді шабуылдарды айыптауға және көмірсутек шикізаты экспортының инфрақұрылымын қорғау үшін практикалық шаралар қабылдауға шақырды.