Ақтау қаласында Ұлттық домбыра күні аясында «Қылқалам ғажайыбы» және «Өнер – менің өмірім» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды paryz.kz.
Кештің басты мақсаты – жастардың шығармашылық әлеуетін қолдау, бейнелеу және музыка өнерін насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.
Каспий жағалауында өткен шара барысында жас суретшілер табиғат аясында өз туындыларын салып, көрермендерге шығармашылық үдерісін паш етті. Әсіресе, қазақтың қасиетті домбырасынан төгілген күмбірлеген күйлер кештің сәнін келтіріп, Ұлттық домбыра күнінің мән-маңызын айшықтай түсті. Сонымен қатар жетіген мен фортепианоның әсем әуендері орындалып, ұлттық және классикалық музыка үндестік тапты.
Шара аясында тоғызқұмалақ пен шахматтан достық кездесулер ұйымдастырылып, қатысушылар ұлттық зияткерлік ойындарда бақ сынады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясына арналған танымдық ақпарат ұсынылды.
Өнер мен ұлттық мұраны ұлықтаған бұл кеш қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жас таланттардың шығармашылығын дәріптеген тағылымды мәдени шараға айналды.