Прямая трансляция

Астана

Астана

13°C

«Гештальт жаптық»: Депутат Дәулет Мұқаев әйелін құттықтаймын деп сынға қалды

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әйелін туған күнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің ресми хатымен құттықтаймын деп елдің сынына қалды, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Гештальт жаптық»: Депутат Дәулет Мұқаев әйелін құттықтаймын деп сынға қалды
Фото: видиодан скриншот

Депутат бейнежазбада әйелінің гештальтін жапқысы келгенін, «Парламент тарамай тұрғанда қолда бар мүмкіндікті пайдаланып қалдым» дейді. Оның бұл әрекеті көпшілікке жақпай, журналист Гүлбану Әниятқызы жазба арнады.

«Картоп қымбаттағанда депутат басымен мәселені көтерудің орнына әйеліне картоптан букет сыйлағанда “ақылының жеткені сол шығар” деп күліп қоя салғанбыз. Енді міне, заң шығарушы органның атауын әйелін құттықтауға пайдаланып, онысын “гештальт жаптық” деп тұр. Әр депутат 5 мың теңгеге сатып алып, әйелін, туған-туысын, құда-жекжатын Парламенттің атынан құттықтай берсе, жетіскен екенбіз. Кетуіне бір жарым ай қалғанда қойшы деп ем, бірақ мына концертіне шыдамадым. Кластасыма күліп ек, мынауың одан қалысып тұрған жоқ»,– деп жазды ол. Журналист Диас Нұрхан да депутаттың бұл қылығына шүйлікті. 

«Ардақ Назаров анасын Мәжіліс мінберінен құттықтап еді. Енді Дәулет Мұқаев деген депутат әйелінің туған күніне Парламенттің атынан адресат жасатыпты. Гештальтын жапқым келді дейді. Заң шығарушы орган гештальт жабатын жерге айналған ба? Мыналарға тоқтам салмасақ, алдағы уақытта аурулары асқынып, құда-жекжатын Ақорданың атынан құттықтап, той-томалаққа Президенттің “Алғыс хатын” апарудан тайынбайды», – деп жазды журналист Диас Нұрхан.

Желі қолданушылары да Мұқаевтың әрекетін сынап жарыса жазды.