Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасының негізгі нормалары мыналарды қамтиды: Қазақстанда қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай енгізіледі;
Құрылтай заң шығарушы жоғары өкілді орган мәртебесіне ие болады; Құрылтай 145 депутаттан тұрады; Депутаттар пропорционалдық жүйе бойынша 5 жыл мерзімге сайланады;
Құрылтай заң қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылау жүргізу өкілеттіктеріне ие болады;
Құрылтай қызметі сессиялар, отырыстар, парламенттік тыңдаулар және үкімет сағаттары арқылы жүзеге асырылады;
Құрылтай құрылымына Төраға, Бюро, комитеттер мен комиссиялар кіреді; Заң жобасында депутаттардың құқықтары, міндеттері және мәртебесі айқындалады;
Парламенттік көпшілік пен оппозиция институттары, депутаттық әдеп қағидалары енгізіледі; Құрылтай Қазақстан Республикасы Парламентінің құқықтық мирасқоры болып танылады;
Заң күшіне енсе, қазіргі Парламент туралы конституциялық заңдардың күші жойылады;
Құжат 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді деп жоспарланған. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Парламент палаталарының заң жобасы бойынша бірлескен комиссиясы құрылды.
Оның құрамына Мәжілістен депутаттар Қайрат Балабиев, Ермұрат Бапи, Марат Башимов және Сергей Пономарев, ал Сенаттан – Айнұр Арғынбекова, Нұрлан Бекназаров, Серік Өтешов және Ғалиасқар Сарыбаев кірді. Комиссия төрағасы болып Марат Башимов сайланды.