Туризм және спорт министрлігі Қарағанды облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына үміткердің кандидатурасына келісім берді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ведомствоның Telegram желісіндегі арнасының хабарлауынша, Туризм және спорт министрлігі жанындағы өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиында Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына ұсынылған кандидатура қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша комиссия мүшелері Алматы облысының олимпиадалық резерв даярлау орталығының басшысы Нұркен Нұратовтың кандидатурасын мақұлдады.
"Үміткердің спорт саласындағы кәсіби тәжірибесі, басқарушылық қабілеті және өңір спортын дамытуға қатысты ұстанымы комиссия тарабынан жан-жақты зерделеніп, оң шешім қабылданды", - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, кандидаттарды жергілікті атқарушы органдар ұсынады, ал тағайындау тек Туризм және спорт министрлігі жанындағы комиссияның мақұлдауынан кейін жүзеге асырылады.