Прямая трансляция

Астана

Астана

9°C

Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақы тағайындау кезінде несиелер де ескеріледі

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек жүйесін реформалау жалғасып жатыр. Оның аясында бірыңғай стандарт енгізу және отбасылардың мұқтаждық деңгейін цифрлық түрде бағалау қарастырылып жатыр. Соның ішінде жәрдемақы тағайындау кезінде несиелік жүктемені есепке алу мәселесі талқылануда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ЕХӘҚМ әлеуметтік көмек департаментінің басшысы Айнұр Абдырахманова айтты.

Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақы тағайындау кезінде несиелер де ескеріледі
Фото: paryz.kz

Оның сөзінше, қазіргі таңда мемлекеттік қолдау шараларын біріздендіру және отбасылардың нақты әл-ауқат деңгейін дәлірек бағалауға көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Отбасылардың нақты мұқтаждығын цифрлық карта арқылы бағалау жоспарланып отыр. Соның негізінде әл-ауқат деңгейі анықталады. Егер отбасы шынымен мұқтаж болса, мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау мен төлеу процесі автоматтандырылады, – деп түсіндірді ҚР ЕХӘҚМ әлеуметтік көмек департаментінің басшысы Айнұр Абдырахманова.

Сонымен қатар табыстармен қатар отбасылардың шығындарын, оның ішінде несиелік жүктемені де есепке алуға ерекше назар аударылуда.

Несиелік қарыздар да бағаланады. Өткен жылы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, шығындарды есепке алу қарастырылды. Қазір Ұлттық банкпен және екінші деңгейлі банктермен интеграция жүргізілуде. Бұл процесс аяқталу және бірқатар банктермен келісу сатысында, – деді ол. 

Сонымен бірге жәрдемақы тағайындау туралы түпкілікті шешім барлық жиынтық деректер негізінде қабылданады.

Тексеру барысында учаскелік комиссиялар табыс пен шығын бөлігін қатар қарайды. Барлық табыс түрлері есепке алынып, отбасының әр мүшесіне бөлінеді. Егер жан басына шаққандағы табыс белгіленген шектен аспаса, онда АӘК алу құқығы анықталады, – деп нақтылады спикер. 

Осылайша, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа тәсілдері ішінара енгізіліп жатыр. Алайда жүйе барлық цифрлық интеграциялар толық аяқталғаннан кейін ғана толыққанды іске қосылады.