Прямая трансляция

Астана

Астана

8°C

Түркістанда облысында жедел жәрдем қызметкерлері кәмпитке қақалған сәбиді құтқарып қалды

Түркістан облысы Бәйдібек ауданында жедел жәрдем қызметкерлері кәмпитке қақалып қалған бір жасар сәбиді құтқарып қалды, деп хабарлайды paryz.kz.

Түркістанда облысында жедел жәрдем қызметкерлері кәмпитке қақалған сәбиді құтқарып қалды
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Ведомствоның мәліметінше, №42 жедел жәрдем бригадасына Түйетас ауылынан шақырту түскен. Онда бір жасар қыз баланың тамағына кәмпит тұрып қалып, ол демала алмай қалған.

Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері жағдайдың аса қауіпті екенін түсініп, шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Нәтижесінде баланың тамағындағы бөгде зат алынып, ол тыныс ала бастаған. Қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақты.

"Бұл оқиға – адам өмірін сақтап қалуда жедел жәрдем қызметкерлерінің шапшаңдығы мен біліктілігінің қаншалықты маңызды екенін аңғартады", - делінген хабарламада.

Мамандар ата-аналарға кішкентай балаларға қатты немесе ұсақ тағамдарды бергенде аса мұқият болуды, сондай-ақ төтенше жағдайда алғашқы көмек көрсету тәсілдерін меңгеріп жүруді ескертеді.