Алматы облысы Талғар ауданы Қызыл қайрат ауылында бұрынғы ғашығының ағасын өлтіріп, баласын алып қашқан ер адам 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды облыстық сот.
Резонанс тудырған қылмыстық іс Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотталушылар орындығында үш адам отырды, екеуі кәмелетке толмаған.
"Сотталушы жәбірленушінің жеке өміріне қол сұғылмаушылықты бұзған, жеке құпия саналатын мәліметтерді таратқан. Оған қатысты жыныстық сипаттағы зорлау мен зорлық-зомбылық жасаған. Ол сондай-ақ жәбірленушінің туыстарының үйіне заңсыз кіріп, оларды өлтіремін деп қорқытқан", - дейді сот.
Кейіннен басты сотталушы екі кәмелетке толмаған баланы қылмысқа тартқан. Олар жәбірленуші келіншектің ағасын өлтіріп, кейін оның баласын ұрлап кеткен.
"Басты сотталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған екі сотталушының әрқайсысы 9 жылға бас бостандығынан айырылды", - дейді облыстық сот.