Атырау соты экс-депутат Бақытгүл Хаменоваға қатысты жазаны бас бостандығынан айырудан шектеуге ауыстырды, деп хабарлайды Paryz.kz "Ақ Жайық порталына сілтеме жасап.
2022 жылы Хаменова пара алғаны үшін жеті жылға сотталған болатын. Бірақ асырауында кәмелет жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазасы үш жылға кейінге шегерілген.
Бұл мерзім биыл 10 наурызда аяқталды. Ал 16 наурызда Атырау қаласының №2 сотында пробация қызметінен Хаменоваға қатысты жазаны бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы ұсыныс түсті. Оған сәйкес, осы уақытқа дейін Хаменова қоғамдық тәртіпті бұзған жоқ. Әкімшілік жауапкершілікке де тартылмады.
Баласын тәрбиелеу бойынша міндетін атқарды. Сот осыны ескере отырып, пробация қызметінің ұсынысын қанағаттандырды. Хаменованың өтемеген жаза мерзімі 7 жылға бас бостандығын шектеуге ауыстырылды. Осы уақыттың ішінде ол пробациялық бақылауда болады.