«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев «Adal ADAM» YouTube арнасына берген сұхбатында Палатаның беделі не себепті төмендегенін түсіндірді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Оның айтуынша, кез келген ұйымның абыройы нақты атқарылған жұмыс арқылы қалыптасады.
«Адамның немесе ұйымның абыройы немен келеді деп ойлайсыз? Істеген, атқарған жұмыспен келеді. Мен өзім, «Атамекен» қызметкерлері сараптамалық, жүйелік жұмыстарды жүргізсе, белсенді жұмыс істесе, абыройдың келешекте келетіні анық қой. Абырой – ол қоғамның бізге беретін бағасы. Абыройға жету өзіміздің қолымызда. Кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге көмектесіп, нақты нәтижелі жұмыспен дәлелдесек, әрине абырой өзі келеді. Басқа жол жоқ. Мен бүгінде өңірлік палаталармен тікелей байланыстамын. Өзім әр апта сайын өңірлерді аралап жергілікті атқарушы билікпен бірге кәсіпкерлермен кездесіп жүрмін. Оларды алаңдатып отырған барлық мәселені Үкіметке жеткізуді қолға алдық. Өкінішке қарай, «Атамекен» басшылығы Маңғыстауға соңғы төрт жылда мүлде бармаған. Оны біз қазір түзетіп жүрміз. Біз бардық. Тыңдадық халықты. «Атамекен» - өңірлерден басталады», — деді ол.
Айта кетейік, Қанат Шарлапаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы қызметіне биылдан бастап кірісті. Оған дейін бұл қызметті Райымбек Баталов атқарған болатын.