Алматы облысында қызды жарты жыл бойы аңдыған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық сот.
Ер адам былтыр қыркүйектен бастап жәбірленушіні еркіне қарсы жүйелі түрде мазалаған.
"Ол бірнеше рет қоңырау шалып, WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы хабарламалар жіберген. Жәбірленуші оны бұғаттағаннан кейін де, ол байланыс орнату әрекетін жалғастырып, Kaspi.kz қосымшасы арқылы жәбірленушінің шотына аз мөлшерде ақша аударып, аударым кезінде мәтіндік хабарламалар жазған және бұл әрекеттер жиі қайталанған", - дейді сот.
Салдарынан жәбірленуші үнемі үрей мен қорқыныш сезімін бастан кешірген, ұйқысы бұзылып, психикалық жай-күйіне елеулі зиян келіп, қалыпты өмір салты өзгерген.
Сотталушыға Қылмыстық Кодекстің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 25 тәулікке қамауға алу жазасын кесілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.