Алматы қаласы Медеу ауданы прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде заңсыз дайындау және өткізу фактілері бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды paryz.kz.
Алматы қалалық прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы Алматы қаласы аумағында жеке тұрғын үйлерде жабдықталған үш жасырын есірткі зертханасының жұмысын қамтамасыз еткен тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топқа басшылық жасаған.
Зертханаларда психотроптық заттар күн сайын заңсыз айналымға шығару мақсатында дайындалып отырған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жасырын есірткі зертханаларының қызметі толықтай тоқтатылып, 7 адам ұсталды, заңсыз айналымнан психотроптық заттар тәркіленді.
- Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланды. Ал қалған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сот үкімімен кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды, - делінген хабарламада.